Ерсін Оспанбек Түйсік Қыс. Солтүстіктен соққан үскірік жел, бетіңді қарып, бас көтертпейді ысылдап.Табиғат құдды бір ашуына мінгендей күй танытады.Осы бір қақаған аяз қақарыжай кетпеді... Таңжарық буыны қатпаған жас бала болсадағы, нағашы ағасы Сағынғалимен бірге өріске шығатын. Қыстың суығына да қарамастан, қалың, жылы киімдерін бала денесіне қондырып, қайдасың жазық дала деп тартып кететін. -Балам, айранға нан турап ішіп ал, қарның тойса жылы жүресің,-деп анасы Таңжарықтың маңдайынан сүйді. Жамалға өте қиын қазіргі кезде. Сүйіп қосылған жан-жары, жалғыз бала Таңжарыққа да мейірі түспей, жұбайын тағдыр тезіне жалғыз тастап кете барды. Шаңырағы шайқалған ана, бейкүнә баласын жетектеп, төркініне қайтып келді. Анасы бір мазасыз адам еді, Жамалдың: -Мен саған басында айттым, үйленбе ол албастыға деп, тыңдамадың. Енді елге жексұрын болып қайтып келіп отырсың."Қайтып келген қыз жаман"деп, ауылдың қатындары күнде өсек қылады. Санасыз неме,-деп ауыр сөз айтты жүрекке тигізе. Жамал анасына ренжімеді. Кішкентайы аман-есен ержетсе болғаны, Жамалға осының өзі жеткілікті еді. Бір кесе айранды сіміріп алып, Таңжарық өріске аттанды. Былтыр Сағынғали ағасы, көк саулыққа көрші ауылдан көк есек алдыртқан болатын. Қазір сол көк есек, таң атқаннан, күн батқанға дейін Таңжарықтың айдауымен жүреді. Көк есегіне мініп алып, малдың шетін қайырып жүрген. Кенет ауыл жақтан жүйткіп келе жатқан салт аттыны көзі шалып қалды. -Аға, тұрыңыз, біреу келе жатыр,-деп ұйықтап жатқан Сағынғалиді оятты. Қос қолымен көзін уқалап , орнынан тұрғанша,салт атты кісіде жетті. -Ассалаумағалейкүм! -Уағалейкүм,Тұреке.Не жүріс? -Малдың басын бұр,ауылға қайту керек. -Жайшылық па? -Барған соң білесің! Бұл келген кісі, көрші үйдің отағасы Тұрәлі болатын. Ай-шайға қарамастан,малды тырқырата қуып отырып, ауылға кірді. Ауыл дейтіндей төрт-бес түтіні бар шағын колхоз.Бас-басында екі жүз-үш жүздей ұсақ малдары бар. Солардың ішіндегі бақуаттысы Сағынғали үйінің түтіні. Малды қораға қамап, үшеуі үйге беттеді. Колхоздың бар адамы осы үйге жиналған. Таңжарық түкке түсінбей ағасының соңынан беттеп келеді. Төр бөлмеге жақындай бере: -Жарығым-ай, құлыным-ау, қапияда көз жазып қалғаным қалай?! Бізді қалай қиып кете бардың?! Балапаның, бауыр етің балаңды неге аямадың?! Аллай, Аллай! Қарғыс атқыр дүние,-деп зар жылаған анасының даусын естіген Сағынғали, әпкесінен айырылғанын бірден түсінді. Тұрған орнында сұлқ етіп отыра кетті. Анасынан айырылғанын естіген Таңжарық "мамалап" жүгіріп, анасы жатқан бөлмеге кіріп келді: -Мамау, мұның қалай сенің? Мам, тұршы, сен өлмедің, тұршы!Менсіз ешқайда кетпеймін деп ең ғой мамау! Менің саған керек болмағаным ба? Сенсіз қалай өмір сүремін, анашым?! Шынымен тұл жетім атанғаным ба?! Қос бірдей қанатымнан айырылдым, енді не істеймін? Кім маған пана болады, ана?!-деп ересек адамдарша анасын жоқтап зар еңірегенде, үй іші емес, күллі Қаратау күңіреніп кеткендей болды. Қимастықпен анасын қара жер қойнына тапсырды. Келмеске кеткен анасын әлі де күтеді. Құдды бір есіктен кіріп келердей... Міне, содан бері бір жылдан аса уақыт өтті. Жылы мекенге құстар оралып, көк көктеп көктем келді. Қар еріп, қара жерді құрсауынан босатты. Ал, Таңжарықтың көктемі енді атпастай. Сол бір қыстағы жүрегін қарып өткен аяз,мәңгілік жүрегінде орын алып қалғандай...

Теги других блогов: Ерсін Оспанбек Түйсік Қыс